05 қыр, 2018 сағат 07:19

Ақтөбеде 48 жаңа саябақ және гүлзар ашылды

Ақтөбеде демалыс орындарын қалпына келтіріп, жаңа демалыс орындарын құру белсенді түрде жалғасуда. Бүгінгі күні қалада 66 гүлзар мен саябақ бар. Олардың 48-і соңғы үш жылдың көлемінде ашылды.

Барлық жаңа саябақтар  мен гүлзарларды «Tуған жерге тағзым» акциясының аясында мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың қызметкерлері, түрлі кәсіпорындар мен жай мүдделі азаматтар жабдықтағанын айта кету керек. Жобаларға сәйкес спорттық және ойын алаңдары орнатылып, веложолдар төселіп, орындықтар қойылған. 

Мысалы, Денсаулық сақтау басқармасының басшылығымен медициналық қауымдастық Батыс-2 тұрғын үй кешенінің тұрғындарына «Денсаулық саябағын» сыйлады. Оның аумағында 1500-ден астам ағаштар мен бұталар отырғызылып, футбол алаңдары, велосипед жолы, үстел теннисі, воркаут алаңы, субұрқақ орнатылған. Болашақ шағын ауданында жаңа «Made in Aktobe» гүлзары ашылды. Ақтөбелік тұрғындар үшін қаржыгерлер мен экономистер гүлзарлары жаңа демалыс орындарына айналып, «100 теңге» түріндегі символикалық архитектуралық  нысан қала көркіне көрік қосуда.

Жексенбі, 2 қыркүйекте қала тағы бір саябақпен толықты. Ақтөбенің ескі ескі бөлігінде мұнайшылардың кәсіби мерекесі күні «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның өз қаражаты есебінен салынған «Достық» отбасылық саябағы ашылды. 14 гектар аумақ 220 млн. теңгеге көріктендірілді. Балалар ойын алаңдары, волейбол, баскетбол, шағын футбол алаңдары, үстел теннисі үшін үстелдер, тренажерлар, күркелер орнатылған.   

«Достық» саябағын көгалдандыру және көріктендіру жұмыстары жалғасуда. Қыркүйектің ортасынан бастап мұнда 300 ағаш отырғызу жоспарланып отыр.


Қоса кетейік, Ақтөбедегі 66 саябақ пен гүлзарлардың жалпы ауданы 1,3 млн. шаршы метрден асады. Осы жылдың соңына дейін тағы 3 гүлзарды көріктендіру аяқталатын болады.

Одан басқа, Ақтөбеде бір шақырымнан асатын жаяу жүргіншілер аймағы бар өз Арбаты пайда болады. Онда шағын дүкендер, субұрқақ, суретшілер аллеясы және қала тұрғындары мен туристердің демалуы үшін жайлы бұрыштар орналасады. Тағы бір маңызды жоба Тұңғыш Президент саябағының кеңеюі. Оның аясында 90-га жерде Астана саябағы, этно-ауылы, жағалаудағы басты аллея, ғашықтар аллеясы, орман және тарихи аймақтар, басқа да тақырыптық демалыс аймағы салынады. Қазіргі уақытта екі жоба да іске асырылуда.