11 мам, 2018 сағат 09:46

Ақтөбеде 311 отбасы баспаналы болды

«Нұрлы жер» бағдарламасының аясында «Нұр Ақтөбе» ықшам ауданында 2152 пәтер пайдалануға беріліп отыр. Алғашқы 650 үй өз иелерін тапқан болатын. Бұдан бөлек «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) тағы 311 салымшысы Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың қолынан пәтер кілтін алды.

«Әрбір адам үшін баспананың маңызы зор. Тәуелсіздік жылдары елімізде мемлекет басшысының басшылығымен қазақстандықтарды баспанамен қамтамасыз ету үшін көп дүние жасалды. Бұған осы шағын аудан дәлел. Бірнеше жыл бұрын бұл жер иен дала болатын, ал қазір мыңдаған пәтерлер салынған. Президенттің бес әлеуметтік бастамасында айтылған негізгі мақсаттардың бірі де баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған. Былтыр біз облыста небәрі 790 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға бердік, биыл кем дегенде 850 мың шаршы метрді пайдалануға береміз. Біздің басты мақсатымыз – баспанаға мұқтаж ақтөбеліктерді, соның ішінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің 80 мың салымшысы мен кезекте тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету», - деді аймақ басшысы.

Ақтөбе қаласында банк салымшылары үшін 1 шаршы метр бағасы 110 000-120 000 теңге аралығында болғанын атай кету керек. Бұл «Нұрлы жер» бағдарламасында қарастырылған үй құнынан төмен.

- Ақтөбе облысы пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі бойынша көшбасшы болып келеді. 2152 пәтер беріліп отыр, оның 962-сі сатылды. Бұдан бөлек жыл соңына дейін тағы 1 655 пәтер пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Мемлекеттік бағдарламаның осынша сәтті орындалуы – аймақ әкімдігінің тиімді жұмысының нәтижесі. Банк өз кезегінде қолжетімді займдар беру арқылы салынған үйлерді сатып алуда халыққа көмегін көрсетіп отыр. Жақында «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында несие алу бұрынғыдан да жеңілдей түсетін болады. Банк мемлекеттік бағдарламаныңбастапқы жарнасын30%-дан 20%-ға түсіру туралы бастама көтерді. Өзгеріс жақын арада іске қосылатын болады, - деп атап өтті Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Ләззат Ибрагимова.

Әскери қызметкер Нұрбек Мырзабай 8 млн теңгеге үш бөлмелі үй алып отыр. Төрт жыл ішінде ол Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі депозитіне үй бағасының 30%-на тең қаражаттың басын құрай алған.

- 2014 жылдан бері ай сайын жалақымның бір бөлігін банктегі шотыма аударып отырдым. Бүгін, міне, жаңа үйге кіруге дайындалып жатырмыз. Бірінші кезекте ата-анамды көшіріп алып келемін. Бұған дейін біз отбасы болып пәтер жалдайтынбыз, жайсыз болды, әрі шығыны да көп. Енді несие бойынша ай сайынғы төлемім 40 000 теңгені құрайтын болады. Бұл – мен үшін қолайлы баға, - деп тәжірибесімен бөлісті ҚТҚЖБ клиенті Нұрбек Мырзабай.

Бұдан бөлек жаңа пәтер иелері мен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Ақтөбе филиалы қызметкерлері жыл сайын өтетін дәстүрлі «Жасыл Мекен» акциясын бастады. Үй ауласында олар қылқанды және жапырақты ағаштардың 100-ден астам көшетін отырғызды. Банкпен бірге акцияға қатысып, ағаш отырғызған барлық тұрғындар атаулы сертификат пен көшетті қалай күтіп-баптау керектігі туралы нұсқаулық алды. Мұндай сертификатқа ие болған әр жанұя отбасылық ағашымыз бар деп мақтан тұтып, оның жетіліп, жайқалып өсуін қадағалайтын болады.