Фото: ашық дереккөз
Ақтөбе қаласының №2 соты 136 адамды алдап, 579 млн теңгеден астам қаржыны иемденген емші Сұлушаш Қазбаеваға үкім шығарды. Ол алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Ult.kz.
Тергеу мәліметінше, Қазбаева азаматтарды мешіт салу, баласын шетелде емдету және емшілік қызметін кеңейту сынды сылтаулармен банктерден несие алуға көндіріп, ақшаны өз пайдасына жаратқан. Ал алынған қаражатты қайтаруға ниетті болмаған.
Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын — 579 миллион теңге.
Сотта Қазбаева өз кінәсін мойындамады. Прокурор оның әрекетін алаяқтық деп бағалап, жәбірленушілердің азаматтық талаптарын қанағаттандыруды сұраған. Сот бұл талаптарды ішінара орындады.
Сотталған әйел жазасын екі жылдан кейін өтеуді бастайды — сол кезде оның баласы 14 жасқа толады. Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.
