Ақтөбе облысында Астананың мерейтойына орай отыздан аса әлеуметтік, өндірістік және сауда нысандарын пайдалануға беру жоспарда бар. Олардың құрылысына кететін инвестиция көлемі 10 млрд теңгеден асты, ал оларды пайдалануға беру 300-ге жуық жұмыс орнын ашуды қамтамасыз етеді.
Осылайша, Ақтөбеде тәулігіне 50-ден 70 тоннаға дейін тәтті тағамдар шығаратын «Айс плюс» ЖШС балмұздақ өндіру цехы ашылады. «Ақтөбе» индустриалды аймағы қуаттылығы жылына 1 200 тонна өнім болатын «ПолиВест» ЖШС полиэтилен пакеттерін өндіру зауытымен толығады.
Бұдан басқа, ақтөбеліктерді Тұңғыш Президент атындағы саябақта көптен күткен аквапарктің ашылуы да қуантады. Айта кету керек, «AKTOBE INVEST-2016» халықаралық инвестициялық форумы кезінде облыс әкімдігі мен «Ұлан компаниясы» ЖШС оның құрылысы туралы келісімге қол қойған болатын.
Ақтөбедегі ойын-сауық индустриясы облыстағы Бала жылына орай салынып жатқан «Yurta Park» отбасылық демалыс саябағымен де толығады. Алайда, мұнда тек балаларға ғана емес, ересектерге де қызық болады. Саябақта ендігі минигольф ойнайтын алаңқай, ашық аспан астындағы кинотеатр, жасанды жартас, арқан бағы, кітапханалар, этноауыл мен байланыс зообағы, аумағы 20*30 метрлік лабиринт, барлық кезең бойы жұмыс жасайтын мұз айдыны, планетарий, садақ пен арбалеттен ататын стендтер және т.б. орналастырылған.
Облыс аудандарында 8 спорттық және ойын алаңдары, Әйтеке би ауданының Аралтөбе ауылында 150 орындық стадион, Кеңқияқ ауылында дәріхана ашылса, Хромтау ауылының Дөң ауылында 600 оқушыға арналған мектеп пайдалануға беріледі.
«Туған жерге тағзым» акциясы аясында елді мекендерді абаттандыру жағына ерекше үлес қосатын болады. Елорда күніне орай акция қатысушылары мен еліне бей-жай қарамайтын Ақтөбе облысының тумалары өздері туып-өскен қалалары мен ауылдарына Жамбыл Жабаевтың ескерткішін, үш стела ескерткішін, екі жаңа гүлзар бағын, жылыжай, субұрқақ пен теннис кортын тарту етеді. Сонымен қатар, олардың қаржысына Қарауылкелді ауылында шамамен 500 метрлік жаяужол мен Байғанин ауданының Жарқамыс ауылында қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны салынды.
Мереке күндері облыстағы медициналық мекемелер желісі де жаңа нысандармен толығады. Атап айтқанда, Қобда ауданының Терісаққан ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт, ал Бестау ауылында медициналық пункт ашылмақ. Аталған медициналық мекемелер мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында тұрғызылған.
Ақтөбе облысында Астананың 20 жылдығына орай 430 мыңға жуық адамды қамтитын барлығы 1200 қоғамдық-саяси, мәдени-бұқаралық ісшаралар өткізу жоспарланып отыр.