05 қыр, 2023 сағат 15:29

Ақтөбе облысының жаңа әкімі тағайындалды

Фото: © Онлайн-издание "Актобе Таймс"

Ақтөбе облысының әкімі болып Асхат Шахаров тағайындалды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Мемлекет басшысының Жарлығымен Асхат Берлешұлы Шахаров Ақтөбе облысының әкімі лауазымына тағайындалды", - делінген Ақорда хабарламасында.

Асхат Шахаров 1978 жылы 3 қазанда Орынбор облысында туған.

1999 жылы Қазақ мемлекеттік туризм және спорт академиясын дене шынықтыру пәнінің оқытушысы - спорт бойынша жаттықтырушы, 2002 жылы Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін халықаралық экономист мамандығы бойынша аяқтаған. Ал 2013 жылы РФ президенті жанындағы Ресей Мемлекеттік қызмет және халық шаруашылығы академиясын тәмамдаған.

Ол - экономика ғылымдарының кандидаты. Самбодан үш мәрте әлем чемпионы, екі дүркін әлем кубогының иегері, дзюдодан дүниежүзілік біріншіліктің қола жүлдегері, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері.

Әр жылдары Ақтөбе облысында оқытушы болып жұмыс істеген.

2013-2017 жылдары БҚО Қаратөбе ауданының әкімі;

2017-2020 жылдары БҚО Зеленов ауданының әкімі;

2020-2022 жылдары Ақтөбе қаласының әкімі болды.

2022 жылғы қарашадан бері Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қызметін атқарды.

Айта кетейік, бұл ретте Мемлекет басшысының Жарлығымен Ералы Лұқпанұлы Тоғжанов Ақтөбе облысының әкімі лауазымынан босатылды.