Облыс мәслихатының сессиясында Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев депутаттар алдында биылғы жылдың алты айында атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді.
Облыс есептік кезең ішінде барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамикаға қол жеткізді. Соның ішінде өнеркәсіп 5,1% өсімді көрсетіп, 851,3 миллиард теңгеге өнім өндірілді.
- Жыл қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімін шығару шамамен 2 триллион теңгені құрауы тиіс. Сондай-ақ, біз осы жыл ішінде 870 мың шаршы метр тұрғын үйді тапсыруды жоспарлағанбыз, алайда жаңартылған болжамдар бойынша 900 мың шаршы метр баспана саламыз. Бұл жерде бізге «7-20-25» бағдарламасы көмектесуде. Соның арқасында жаңа баспана одан сайын сұранысқа ие,- деп атап өтті облыс әкімі.
Өткен жарты жылдың ішінде облыс экономикасына 190,2 млрд. теңге инвестиция тартылды, бұл былтырғы жылдың осыған ұқсас кезеңінен 10,6% көбірек. Ауыл шаруашылығы өнімін шығару көлемі 4,7%73 миллиард теңгеге дейін артты.
Жұмыссыздық деңгейі орта республикалық — 4,8%-дан төмен деңгейде сақталған. Өзін өзі өнімсіз еңбекпен қамтығандар саны 4,6 мың адамға дейін қысқарды. 10 мың жаңа жұмыс орны ашылса, оның 60% -ы тұрақты.
- Екінші жарты жылдықта жақсы жұмыс орындары бар көптеген жаңа ірі өндіріс нысандарын ашу жоспарланған. Жыл соңына дейін барлығы 17,7 мың жаңа жұмыс орны құрылады. 44 мың адамды жұмыспен қамтудың кешенді жоспарымен қамтитын боламыз, - деп нақтылады Бердібек Сапарбаев.
Ол сондай-ақ, биыл 55 миллиард теңгеге 35 кәсіпорынның жаңғыртылатынын атап өтті. Күтілетін нәтиже - еңбек өнімділігінің 10-15% -ға артып, жарақаттанудың 10% -ға және өнімнің өзіндік құнының 7%-ға төмендеуі. Бюджеттен тыс инвестицияларға келер болсақ, қорытынды бойынша кемінде 32 миллиард теңге тарту жоспарда бар.
Облыс әкімі жарты жыл ішінде өндіріс көлемі 4,7%-ға 73 миллиард теңгеге дейін өскен ауыл шаруашылығы жайын айта келе, ендігі құрылып та қойған 198 өндіріс кооперативтерін сапалы дамытуға, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, суармалы жерлерді пайдалануға беруге, өнімді қайта өңдеуге және экспорттауды арттыруға басымдық берілетіндігін жеткізді.
- Мемлекет басшысының, Үкіметтің барлық тапсырмалары ерекше бақылауда. Облыстың өткен жеті айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуын ескере отыра жылды экономика өсімін кем дегенде 5 пайыз өсіммен аяқтайтынымызды сенімді айтуға болады, - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.
Облыс әкімі мемлекеттік-жеке әріптестік жобаларының жүзеге асырылуын, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін де сөз етті. Қазіргі таңда 56 млрд теңгеге барлығы 128 жоба жүзеге асырылып жатыр.
- Шамамен қыркүйек айында Мұз сарайын ашамыз. Біршама жақын арада жеңіл атлетикалық манеждің, ІТ-технология орталығы мен бокс орталығының құрылысы басталды, -деді өңір басшысы.