13 қар, 2019 сағат 13:23

Ақтөбе облысының әкімі қурап қалған 1 млн көшет жайында: Менің де жаным ашиды

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин өңір орталығында қурап қалған 1 млн түп ағашқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ағаш егу, меніңше жақсы үрдіс, түзу ниет. Бірақ оны іске асыруда кемшіліктер болуы мүмкін. Біздің алдымызда істеген әріптестерім жақсы ниетпен Ақтөбеге бірнеше мың ағаш ексе, оны толық қолдау керек. Алайда, Ақтөбенің бір проблемасы – суару. Ағаш егумен қатар суаруды да толық қамтамасыз ету қажет. Қазір сонымен айналысып жатырмыз. Тиісті шараларды қолдануды жоспарлап отырмыз», - деді өңір басшысы.

Осы орайда БАҚ өкілдері Ақтөбе қаласының жасыл желегін түгендеу жұмысына ресейлік мамандардың тартылуы себебін сұраған еді.

«Біріншіден – заңға, екіншіден – мамандардың пікіріне сүйенуіміз қажет. Ал енді олардың Ресейден не Қазақстаннан болатындығын қала әкімдігі шешіп отыр. Біз бірнеше пікірді тыңдауымыз керек. Көршілеріміз бұл ретте үлкен жетістікке жетсе, тәжірибесін алудың еш айыбы жоқ. Еккен ағаштардың қурап қалғаны өкінішті жағдай. Сол қалада дүниеге келгеннен соң, менің де жаным ашиды. Қолымнан келгенше осы мәселені шешуге, атсалысуға дайынмын», - деді О.Оразалин.

Еске салсақ, Ақтөбе өңірінде 2017 жылы отырғызылған 1 миллион түп көшет суарылмай, қурап қалған болатын. Бұл үшін бюджеттің 70 миллион теңгеден астам қаржысы жұмсалды.