Ақтөбе облысында бірнеше автокөліктің соқтығысуы салдарынан жол көлік оқиғасы болды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz Telegram-арнасына сілтеме жасап.
ІІМ баспасөз қызметі мәліметінше, 23 ақпан Самара–Шымкент автожолында Маржанбұлақ аулының маңында 11 автокөлік соқтығысқан. Алдын ала мәліметтер бойынша, ЖКО жолдың нашар көрінуі салдарынан болған.
Зардап шеккендер жоқ.
Айта кетейік, қазір Ақтөбе облысында бірнеше бағытта жол жабылған. Олар - Самара-Шымкент тасжолының Маржанбұлақ ауылынан БҚО аумағына дейінгі бөлігі, Бекқұл баба-Қарабұрақ ауылдарының аралығы.
Сондай-ақ Ақтөбе-Орск, Ақтөбе-Орынбор трассасында да боран күшейген. Ақтөбе-Атырау бағытында да көлік қатынасына шектеу қойылды.
«Болжам бойынша боран салдарынан жол мүлде көрінбей қалған. Адамдар аман, алайда көліктер бүлінді. Ақтөбе облысының полицейлері жол қозғалысы кезінде жылдамдықты, арақашықтықты сақтауды ескертеді. Көктайғақ кезінде көлік құралдарының жүргізушілері кенеттен маневр жасамауы тиіс. Ал, жаяу жүргіншілер жолдан өту кезінде жақын маңда автокөліктің жоқ екеніне көз жеткізуі керек. Қазір Ақтөбе облысындағы барлық автожол жабық», - дейді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.