04 қар, 2019 сағат 19:20

Ақтөбе облысындағы Атжақсы өзенінде балық қырылды

Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Жағабұлақ ауылы маңындағы Атжақсы өзенінде балық қырылып жатыр. Бұл туралы оқиға орнынан түсірілген видеоны жолдап, аты-жөнін атамауды өтінген балықшы айтты. Балық қырылған Атжақсы өзені Жаңажол мұнай кенішіне жақын маңда орналасқан, деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Жем өзенінің Атжақсы саласында балық қырылып жатқанын Мұғалжар ауданының әкімі Асқар Шериязданов та растады. Шерияздановтың сөзінше, балық қырылып жатқаны жайлы хабар әкімдікке 3 қараша күні кешкілік жеткен.

- Балық Мұғалжар ауданы Жағабұлақ ауылынан 42 шақырым жерде қырылған. Бұл – Атжақсы өзенінің Жемге құятын тұсы. 4 қараша күні оқиға орнына Ақтөбе облыстық экология департаменті мен облыстық орман, аңшылық басқармасының өкілдері келді. Қазір олар өзен суын тексеріп жатыр, - деді Мұғалжар ауданының әкімі Асқар Шериязданов.

Ақтөбе облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Ерболат Қожықовтың сөзінше, балықтың неден қырылғанын анықтау үшін кем дегенде бес тәулік қажет. Табиғатқа келген шығын мөлшері де сол кезде белгілі болады. Қазір өзен маңында бірнеше басқарманың маманы мен зерттеу лабораториясы жұмыс істеп жатыр. Олар алдын-ала зерттеу қорытындысын экология департаментіне 4 қараша күні түстен кейін телефонмен хабарлаған.

Ақтөбе облыстық экология департаменті "өзенге Жаңажол мұнай кенішінен өндіріс қалдығы төгілмеген" деп санайды. Мұғалжарда жүрген мамандар балық қырылуының алдын-ала себебі деп қуаңшылықты атаған.

- Биылғы қуаңшылықтан өзеннің табанында қалған су борсып, құрамында аммиак көбейіп кеткен. Өзен суында кислород аз. Балық содан қырылған болуы мүмкін, - дейді Ерболат Қожықов.

Қазақстандағы өзендер мен көлдерде бұған дейін балық қырылу фактісі тіркелген. Мәселен, былтыр желтоқсанда Атырау облысындағы Жайық өзенінде 9 тонна тонна балық өлген. Кейін Атырау облыстық полиция департаменті балық қырылуына байланысты "Балық қорларын қорғау ережелерін бұзу" және "Суды ластау, қоқыстау немесе сарқу" баптары бойынша екі қылмыстық іс қозғаған. Қылмыстық іс бойынша "Атырау Су арнасы" коммуналдық-шаруашылық кәсіпорнының бұрынғы директоры Руслан Құрметов, оның орынбасары Виктор Сущенко және су тазарту станциясының бастығы Михаил Чурсинге айып тағылған. Қазір сот жүріп жатыр.

Ал биыл тамызда Солтүстік Қазақстан облысы Тұлымбай көлінде мөңке балықтар қырылған.