Фото: autoassa.ru
Шалқар-Бозой трассасында апатқа ұшыраған Toyota Land Cruiser жол талғамайтын көлігінде болған екінші оқушы қыз Ақтөбе ауруханасында көз жұмды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" "Мой город" басылымына сілтеме жасап.
Еске салайық, қайғылы оқиға 4 наурызда кешке болған. Тоғызыншы сынып оқушысы Toyota Land Cruiser көлігінің рөлін басқара алмай, аударылып қалған. Көлік салонында жүргізушіден басқа тағы екі ұл мен екі қыз болған. Олардың бәрі - Шалқар қаласындағы мектептің тоғызыншы сынып оқушылары.
Оқиға салдарынан бір оқушы қыз сол жерде қаза болған, екіншісі ауыр халде ауруханаға жеткізілді. 16 жастағы оқушы қызда ашық бас-ми жарақаты, ми ішілік қан құйылу, мидың ісінуі, бас сүйегінің сынуы болжанған. Зардап шегуші комаға түсіп, 5 наурызда сағат 18:30-да қаза болған.
15 жастағы 1 бала тексерілгеннен кейін амбулаторлық ем алуға үйіне жіберілген, оның денесі көгерген, аяқ-қолы жараланған. 15 жастағы екі ұл облыстық балалар ауруханасына жіберілген. Бірінде жамбас сүйегінің төменгі ұшы сынса, екіншісінің аяғы бірнеше жерден сынған.
Ақтөбе облысының Полиция департаменті 9-сынып оқушысы ағасынан сұрамай, Toyota Land Cruiser көлігін алып кеткенін хабарлады. Аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі "Абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу" бойынша соталды тергеу басталды.