18 мам, 2023 сағат 14:27

Ақтөбе облысында жоқ малға субсидия алған депутат қамауға алынды

Фото: Илья Наймушин/РИА Новости

Ақтөбе облысында жоқ малға заңсыз субсидия алған мәслихат депутаты қамауға алынды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚМА Ақтөбе облыстық департаменті ірі көлемде жасалған алаяқтық дерегі бойынша аудандық мәслихат депутатына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

"Ол шаруа қожалығы атынан шын мәнінде жоқ болған малға субсидия алуға өтініш берген. Сондай-ақ бұл азамат "Сыбаға" мемлекеттік бағдарламасы бойынша "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ 600 бас ірі қара мал сатып алуға берген несие қаражатын заңсыз алған.

Жалпы шығын көлемі – 457 миллион теңге. Қазір бұл азамат ұсталып, оған қатысты "қамау" түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды", - делінген хабарламада.

Айта кетейік, ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқықбұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.