Ақтөбе облысында тасыған су республикалық маңызы бар жолдың бір бөлігін шайып кетті, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" "ҚазАвтоЖол" ҰК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"ҚазАвтоЖол" АҚ мәліметінше, 1 сәуір сағат 17:00-де (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша) еріген су республикалық маңызы бар А-27 "Ақтөбе - Атырау - РФ шекарасы (Астраханьға)" тасжолының 283-шақырымында, Жарлы кентіне жақын тұсындағы жолдың астына төселген құбырды шайып кеткен.
"Эрозияның қайталануы - көп мөлшердегі еріген суға байланысты. Учаске уақытша қалпына келтіріліп, бүгін Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 1.30-дан бастап көлік қозғалысына шектеу алып тасталды", - деді компанияның баспасөз қызметі.
Қазір бұл учаскеде қалпына келтіру жұмыстары басталған.
Су тасқынына қатысты жағдайы "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ Ақтөбе облыстық филиалының ерекше бақылауында.
Сурет: "ҚазАвтоЖол"
Айта кетейік, «ҚазАвтоЖол» су басып кету қаупі бар учаскелер тізімі жасап, 250-ден астам учаскені анықтады. Компанияның әр өңірлік филиалы көпір асты аймақтарды, су өткізу құбырларын қардан тазалап, ашып жатыр. Сонымен бірге көпір арналарын тазалау, су тасқынын болдырмау үшін инертті материалдарды дайындау жұмыстары жалғасуда.
Күн сайын аталған жұмыстарға 600-ге жуық арнайы техника және 1 мыңнан астам жол қызметкері жұмылдырылуда.