Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Нұра ауылында сиыр екі басты бұзау туды. Көп ұзамай оны иесі бауыздап тастаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұзаудың видеосын әлеуметтік желіге осы ауданның тумасы Нұрболат Туысбайұлы салған.
«Балалық шағым өткен ауылда екі басты бұзау дүниеге келіпті. Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, Нұра совхозы. Кластастарымның чатынан ұққаным, ауыл халқында үрей бар сияқты. Экологияның белгісі ме екен?..», - деп алаңдаушылық білдірді ол.
Нұра ауылындағы бұзау иесі қандай да бір ақпарат беруге қарсы. Ал мал дәрігері бауыздап тастауға кеңес берген.
«Бұл 2-3 күндікте болды. Сиыр 10 наурыз күні түнде туған. Мал иесі оны 11 наурыз күні таңда көрді. Сиырдың оны қалай туғаны бәрімізге түсініксіз болып тұр. Иесі сол күні маған мессенджер арқылы жіберіп, жағдайды хабарлады. Өзім сол кезде ауданда жиында едім. Бауыздап тастауға кеңес бердім. Өйткені бұзау басын көтере алмаған. Бұзауды бауыздаған соң көміп тастады. Зерттеудің қажеті жоқ», - дейді Нұра ауылдық округі ветеринарлық пункт меңгерушісі Әмір Өтеген.