Ақтөбе облысының экобелсенділері дабыл қағып, жергілікті өзенге 45 тонна дизель отыны төгілгенін хабарлады.
Жағдайға қатысты бірінші болып Жусалы ауылының тұрғындары шағымданды. Олардың айтуынша, аулаған балықты жеу мүмкін емес, деп жазады Sputnik Қазақстан агенттігі "Диапазон" газетіне сілтеме жасап.. Экобелсенділердің мәліметінше, жергілікті суларға 45 тонна дизель отыны төгілген.
"Ауылдағы жанар-жағармай материалын сақтауға арналған ыдыстың краны жабылмай қалып, жанармай ағып кеткен. Ең алдымен жанармай Жусалы тоғанына аққан, ол жақтан шағын дала өзендері Кемпірсай мен Қуағашқа жеткен. Бұл жақтан су Қарғалы су қоймасына қарай ағады. Экобелсенділер Төтенше жағдайлар департаменті мен балық инспекцясына хабарласты. Суаттарды тез арада тазалау керек", - дейді экобелсенді Александр Мандрыкин.
Жергілікті балық инспекциясы мамандар өзендерде балықтың қырылуын анықтамағанын хабарлады.
Кемпірсай ауылдық округінің әкімі Жарасқан Темірбаевтың айтуынша, мұнай өнімдері тек тоғанға құйылған. Жанармай қар және жаңбырмен ілесіп келген. Жақын уақытта мамандар тазалау жұмыстарына кіріседі.
"Шаруа қожалықтарының техникаларынан аққан жанармай болар. Олар жанар-жағармаймен жұмыс істейді. Ауыл тауда орналасқан. Барлық ағынды су осы тоғанға келіп түседі, басқа ешқайда кетпейді", - деп әкім болжамымен бөлісті.
Өз кезегінде жергілікті тұрғындар мен экобелсенділер тоғандағы су тікелей Кемпірсай мен Қуағаш дала өзендеріне, ол жақтан Қарғалы су қоймасына қарай жылжитынын айтты.