19 сәу, 2023 сағат 18:54

Ақтөбе облысында малын іздеуге шығып, хабарсыз кеткен ер адам құтқарылды


Ақтөбе облысында адасып, үш күн бойы далада жүрген ер адам құтқарылды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақтөбе облысы ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"16 сәуір сағат 18:15-те 112 құтқару қызметіне ауа райының қолайсыздығына байланысты Әйтеке би ауданы Толыбай ауылынан Жабасақ ауылы бағытына қарай мал іздеп шыққан тұрғынның хабарсыз кеткені туралы хабарлама келіп түсті.

Ауданда осы күндері дауылды ескерту жарияланған. Оған қарамастан, ер адам жоғалған малын іздеуге шыққан", - делінген ақпаратта.

Іздестіру жұмыстарына аудандық ТЖБ қызметкерлері, полиция бөлімі және жергілікті тұрғындар жұмылдырылған.

"Іздестіру құтқару жұмыстары 3 күнге созылды.

Нәтижесінде құтқарушылар жоғалға азаматты 18 сәуірде сағат 10:45-те Ақсу қыстағының маңынан 5 км қашықтықта тапты. 35 жастағы ер адам Толыбай ауылына жеткізілді.

Құтқарылған адамның жағдайы тұрақты, медицина қызметкерлерінің бақылауында", - делінген хабарламада.