Ақтөбе облысында газ құю станциясында жарылыс болды.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, өрт 17 шілдеде 18:50-де басталған, деп жазады Sputnik Қазақстан.
Алға қаласының Абай көшесіндегі "Лимангаз" газ құю станциясында көлемі 46 текше метрлік екі цистерна жарылды.
"Оқиға орнына 26 өрт сөндіруші мен жеті өрт сөндіру көлігі аттанды. Жарылыс пен өрт салдарынан "Тойота Камри", жүк арту көлігі зардап шекті, сонымен қатар алаңы 22 шаршы метр жанар-жағар май станциясының ғимараты қирады. Станцияның үш қызметкері дер кезінде ғимараттан шығып үлгерді", - делінген хабарламада.
Өрт сөндірушілер сыйымдылығы 54 және 10 текше метр болатын екі цистернанының жарылуының алдын алды.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ.