18 там, 2021 сағат 12:00

Ақтөбе облысын дамытуға алдағы 5 жылда 567 млрд теңге жұмсалады


Ақтөбе облысын дамытуға алдағы 5 жылда 567 млрд теңге жұмсалады. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қарауға Ақтөбе облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары ұсынылып отыр. Кешенді жоспар Ақтөбе облысы бойынша Актөбе агломерациясын, мұнай-газ және көлік инфрақұрылымын, тау-кен металлургия кешенін, өнеркәсіптік кооперацияны, ғылыми-медициналық және білім беру кластерін дамытуды көздейтін 6 бағыттан тұратын және 36 іс-шараны қамтиды. Жоспарды іске асырудың жалпы сомасы 567 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде республикалық бюджеттен – 64,9 млрд теңге, жергілікті бюджеттен – 7,4 млрд теңге, жеке инвестициялар – 478,7 млрд теңге, сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы 16,6 млрд теңге»,- деді ол. 

Министрдің дерегінше, кешенді жоспардың бірінші бөлімі Ақтөбе агломерациясының инфрақұрылымын дамытуға 119,6 млрд теңге сомасына 13 инвестициялық жобаларды қамтиды. Халықтың өмір сүру сапасын арттыру және жағдайын жақсарту мақсатында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі жобалар іске асырылатын болады. Сонымен қатар, Кешенді жоспар аясында Ақтөбе қаласындағы кәріз-тазарту құрылыстарын жаңғырту және тұрғын үй құрылысы аудандарында инженерлік-коммуникациялық желілерді қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

«Кешенді жоспардың екінші бөлімі бойынша мұнай-газ саласында газ өңдеу кешенін салу, жаңа кен орындарын игеру және резервтік кен орындарын пайдалануға беруді қамтамасыз ету, сондай-ақ қиын өндірілетін мұнайды өндіру кезінде технологиялық жаңғыртуды жүргізу жоспарлануда. Үшінші бөлімде тау-кен металлургия кешенін дамыту бойынша іс-шараларды іске асыру көзделуде. Жобаларды қаржыландыру 48,3 млрд теңге сомасына жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылатын болады. Сондай-ақ, кешенді жоспарда өнеркәсіптік кооперацияны дамыту бойынша жобалар жүзеге асыру жоспарланған. Оның ішінде 450 гектар индустриялық аймақты құру қамтылады», - деді Әсет Ерғалиев.

Оның атап өтуінше, бесінші бөлім бойынша көлік инфрақұрылымын дамытуға 11,1 млрд теңгені құрайтын жобаларды жүзеге асыру жоспарланған.

«Ақтөбе облысындағы автомобиль жолдарын реконструкциялау өңіраралық байланыстарды нығайтуға септігін тигізеді. Ақтөбе қаласы еліміздің батыс бөлігіндегі өсу орталығы және ірі көлік торабы ретіндегі рөлін күшейтуге «Ақтөбе – Орск» және «Ақтөбе қаласының оңтүстік айналма жолы» сияқты жобалар ықпал ететін болады. «Ақтөбе – Хромтау – Қарабұтақ – Ұлғайсын» және «Ақтөбе – Атырау – Астрахань» автомобиль жолдарын қайта жаңартуды іске асыру жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 61-ден 95 пайызға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Аталған жобаларды іске асыру көршілес өңірлермен жолаушылар ағыны мен жүк тасымалын ұлғайтады. Осылайша, Ақтөбе облысының тауар айналымы 2025 жылға қарай 1,5 есеге – 2,3 трлн теңгеге дейін артады»,- деді министр. 

Әсет Ерғалиев кешенді жоспардың соңғы бөлімі бойынша өңірдің ғылыми-медициналық кластерін дамыту аясында 8,1 млрд теңгенің жобалары қарастырылатындығын айтады. 

«Денсаулық сақтау және білім беру жүйелері қызметтерінің қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін қазіргі заманғы инфрақұрылым құру көзделген. 25 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жүргізіледі. Көп бейінді аурухана, балалар онкогематология орталығы салынады. Сондай-ақ денсаулық сақтау ұйымдарын жоғары технологиялық медициналық техникамен жабдықтау жоспарлануда. Сонымен қатар Ақтөбе облысы бойынша 49 мектеп және Ақтөбе қаласында колледж студенттеріне арналған үш жатақхана салу көзделуде»,- деді ол.