Бүгін Ақтөбе облысында «Шығыс мұнай және сервистік қызмет» ЖШС-ның жұмысшылары жалақыны көтеруді сұрап, компания басшылығымен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ЖШС-да 1 мыңнан астам жұмысшы бар. Өңірдегі мұнай өндіретін кәсіпорындарға техникалық қызмет көрсететін компанияның жұмысшылары бұған дейін де басшыларымен кездесіп, жалақы көтеру мәселесін қозғаған еді. 2019 жылдың қаңтар айында еңбекақы – 9 пайызға, қыркүйекте 20 пайызға өскен. Ал жұмысшылар оны 50 пайызға дейін көтеруді сұрап отыр.
«Өзге техникалық қызмет көрсету компанияларымен салыстырғанда бізде жалақы аз. Бұған дейін оны 50 пайызға көтеру мәселесі қозғалды. Өз жалақым – 170 мың теңге. Санаты төмен адамдар 90 мың теңге алады. Бұрғылау компаниясы үшін – бұл ұят. Жұмысы ауыр, табысы аз», - деді бұрғылаушы Амантай Бердімағамбетов.
Жұмысшылардың барлығы бір ғана – жалақы мәселесін қозғады.
«Жұмыс беруші 20 пайыздан артық жалақыны көтере алмайтындарын айтты. Біз – келіспейміз. Бүгін бас кеңсеге жиналып, өз талабымызды айтып жатырмыз. Жұмыс 14 қазанда аяқталуы тиіс еді, бірнеше бригада жұмысшысын әкімшілік демалыс деп кері қайтарып жіберді. Енді жұмыстың қай уақытта қайта жанданатынын білмейміз», - деді бұрғылаушының бірінші көмекшісі Руслан Шоқпаров.
Компания ұжымы жиналған жерге облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов келіп, кездесу өткізді.
«Соңғы жылдары бұл компания жалақыны мүлде көтермеді. Тек биыл 29 пайыздық өсім тіркелді. Жұмыстың уақытша тоқтағанына жұмысшылар өз наразылықтарын білдірді. Бұл, сервистік мекеме болған соң, табыс та сол бағытқа байланысты өзгереді. Табыс аз болса, жалақы да төмен. Компания шығыны асып кеткеніне қарамастан жалақы көтеруге келісті. Бұрын 110 мың теңге алған жұмысшы қазір 146 мың теңге жалақысын алды. Кейбіріне 250 мың теңгеге жетті. Еңбекақы көтеру ісі тоқтамайды – жалғасады», - деді Қайрат Бекенов.
Сондай-ақ ол компаниядағы жалақы айырмашылығы туралы айтты.
«Жергілікті және шетелдік жұмысшылар жалақысының арасындағы айырмашылыққа байланысты тексеріс болды. Заңға сәйкес айыппұл салынып, талаптар қойылды. Мәселеге прокуратура жауап бере алады», - деді облыс басшысының орынбасары.
Ақтөбе облыстық Еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Саламат Аманбаевтың айтуынша, жұмысшылардан арыз түсті, алдағы уақытта тексеру жүреді.
«Бұл компанияда 106 шетел азаматы жұмыс істеп жатыр. Келер жылы олардың қатарын азайтамыз. Ең төменгі – төртінші санаттағы жұмысшылар жоқтың қасы», - деді С.Аманбаев.
Өз кезегінде «Шығыс мұнай және сервистік қызмет» ЖШС директоры Чжан Баоцзюнь жұмысшылардың талабын орынды деп санайды.
«Шығыс мұнай және сервистік қызмет» ЖШС-ның басшылығы жұмысшылардың талабы орынды деп санайды. Тек экономикалық қиындықтарға байланысты қазір бұл мүмкін емес. Компания басшылығы «екі жылда өңірдегі сервистік мекемелер ішінде жалақысы ең жоғары болады» деген уәде беріп отыр.