Ақтөбеде орта мектепке ақын Фариза Оңғарсыноваға арнап ескерткіш тақта ашылды. Мұражай да жасақталып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Тәуелсіздік күніне орай Ақтөбе қаласындағы №41 мектеп-гимназиясының ғимаратында Фариза Оңғарсынованың құрметіне ескерткіш тақта орнатылды. Салтанатты шараға Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, ақынның ұлы Алмас Оңғарсынов, қоғам қайраткері әрі жазушы Әбіш Кекілбаевтың жұбайы Клара Жұмабаева қатысты.
«Тәуелсіз еліміздің қалыптасуында қазақ халқының даңқты қызы Фариза Оңғарсынованың рөлі маңызды. Ол қазақ поэзиясын дамытуға елеулі үлес қосып, әдебиетке өшпес ізін қалдырды. Оның қаламынан махабатты, ерлік істерді, адамдардың қайсарлығын жырлайтын жүздеген шығармалар шықты. Сондықтан мемлекетіміздің маңызды мерекесі қарсаңында атақты ақын қыздың есімі берілген мектепте ескерткіш тақта орнатылды», - деді өңір басшысы Бердібек Сапарбаев.
Мектепте Ф.Оңғарсынова атындағы мұражай ашылды. Мұнда оқушылар атақты ақын қыздың өмірбаянымен және шағырмашылығымен таныса алады. Алмас Оңғарсынов мұражайға анасының 12 томдық шығармалар жинағын сыйға тартты.
Айта кетейік, ақын Фариза Оңғарсынова атындағы 600 орындық жалпы білім беретін мектеп-гимназия осы жылдың тамыз айында ашылды.