26 қаз, 2022 сағат 17:59

Ақтөбе қаласындағы Алматы ауданының экс-әкімі сотталды


Ақтөбе қаласы Алматы ауданының бұрынғы әкімі Абат Көбенов алаяқтық ісі бойынша айыпталып, сот оған 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақтөбе қаласының №2 сотында Абат Көбеновке қатысты қылмыстық іс қаралды. Оған Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша айып тағылды. Іс материалына сүйенсек, Көбенов Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының басшысы болған кезде өзінің қызмет бабын пайдаланып, 2020 жылдың сәуір-тамыз айларында бұрынғы танысына жер телімін алып беруді уәде еткен. Сөйтіп, танысынан 1 383 915 теңге ақша алған. Сот отырысында сотталушы кінәсін толық мойындады. Сонымен қатар, тағылған айып жәбірленушінің жауабы, «Kaspi Gold» банк картасындағы ақша аударымдары арқылы расталды.

«Прокурор лауазымды мемлекеттік қызметті атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушының шынайы өкінгені, балалары және де қылмыстық құқық бұзушылықты ашуға белсенді түрде ықпал еткені жазасын жеңілдететін мән-жайлары ретінде танылды. Сот шешімімен А. Көбенов кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - деді Ақтөбе қаласы №2 сотының баспасөз қызметі.

Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетсек, Абат Көбенов 2020 жылдың сәуір айынан бастап Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарды. Ал, биыл ақпан айында Ақтөбе қаласы Алматы ауданының әкімі болып тағайындалған еді.