Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин «Ақтөбе» футбол командасының жаңа құрамымен танысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуге облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаров, «Ақтөбе» ФК басқарма төрағасы Артур Смағұлов, бас жаттықтырушы Алексей Петрушин қатысты.
«Жергілікті футболды дамытуға қаржылай қолдау білдірген депутаттарға алғыс білдіреміз. Жаңа құрам ақтөбелік жанкүйерлердің үмітін ақтайды деп сенемін. Алдағы уақытта ойындарыңыз жеңісті әрі жемісті болсын деп тілеймін», — деп атап өтті облыс әкімі Оңдасын Оразалин.
Артур Смағұлов жаңа құраммен таныстырды. «Ақтөбе» командасының намысын жергілікті ойыншылардан өзге, Ресейден келген Артур Шабикеев, Эдуард Суханов, Олег Чернышев, Георгий Бурнаш, Алексей Концедалов, Андрей Часовскихтер қорғайтын болады. Сербия елінен легионер Никола Цуцкич, Кот-д’Ивуа́р республикасынан Куаджа Куасси, Черногориядан Джорджевич Бобан келді. Команда капитаны Виталий Волков қолдауы үшін облыс әкіміне және клуб басшылығына алғыс білдірді.
«Клубтың намысын қолдан бермеу үшін барымызды саламыз және бізге артылған сенімді ақтаймыз», - деді Виталий Волков.