Фото: lada.kz
Ақтаудағы әскери бөлімдердің бірінің әскери қызметкері үйде белгісіз заттың жарылуынан зардап шекті. Дәрігерлер ер адамның жағдайы туралы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.
Маңғыстау облыстық ауруханасының мәліметінше, әскери қызметкер 3 желтоқсанда жедел жәрдем көлігімен аурухананың қабылдау бөліміне түскен.
"Науқас сағат 13:28-де жеткізілді. Қабылдау кезінде ол барлық сұраққа жауап берді. Дәрігерлер жарақатқа шұғыл тексеру жүргізіп, сол қолды білекке дейін кесу туралы шешім қабылдады. Қазір ол травматология бөлімінде емделіп жатыр", - деп хабарлады ауруханада.
Жарылыс әскери қызметкердің пәтерінде болған.
"Ақтау әскери бөлімдерінің бірінің әскери қызметшісі үйде белгісіз заттың жарылуынан жарақат алды. Оған қажетті медициналық көмек көрсетілді. Болған оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жария етілмейді", - деп хабарлады Ақтау гарнизонының баспасөз қызметі.