16 қар, 2020 сағат 13:12

Ақтауда жасөспірімдердің төбелесі видеоға түсіп қалды

Ақтауда жасөспірімдердің төбелесі әлеуметтік желілерде тарап кетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Куәгерлердің айтуынша, оқиға кеше сағат 16:00 шамасында Ақтау қаласында 12-шағынаудандағы 22-інші үйдің жанында болған. Төбелес кезінде оқ атылғандай дыбыс шыққан. Осы кезде жасөспірімдердің бір бөлігі қашып кетсе, қалғандары төбелесті жалғастыра берген. Дегенмен, Маңғыстау облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің таратқан мәліметінше, төбелес кезінде суық қару пайдаланылмаған. 

«Оқиға орнына Ақтау қалалық полиция басқармасының қызметкерлері барды. Оқ атылмаған. Төбелеске қатысушылардың кімдер екені анықталды. Жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Материал Ақтау қаласы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау комиссиясына жолданады. Бұл төбелес туралы қоңырау 102 нөміріне келіп түскен жоқ. Сондай-ақ медициналық көмек алу жөнінде ешкім хабарласпаған», - делінген ПД хабарламасында.