03 сәу, 2019 сағат 20:36

Ақтауда вагонда тұрып келген көпбалалы отбасы баспаналы болды

Ақтау қаласында жомарт жандар 6 балалы отбасыға жаңа салынған үйден екі бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Көпбалалы отбасы осыған дейін шаһар іргесіндегі иесіз жатқан өндірістік аймақтағы темір вагонды паналап келген. Мұндай сыйлықты күтпеген «Күміс алқа» иегері Нағима Көпжасарованың қуанышында шек жоқ. Оның 2 баласы мен жолдасы - бірінші топтағы мүгедек. 

«Енді олардың жылы да жайлы үйде тұруына мүмкіндік туды», - дейді көпбалалы ана Нағима Көпжасарова.

Қоныс тойын тойлауға игілікті іске ұйытқы болған жергілікті билік пен «Ақжүніс» аналар қоғамының өкілдері де келді. Айта кетейік, 30-шағынаудандағы пәтер «K7 Grouр» құрылыс компаниясының демеушілігімен берілген. 

«Бүгін - ең қуанышты күн. Бұл  отбасымыз үшін керемет жаңалық болды. Әлі де толқып тұрмын. Қыздарым қатты қуанып жатыр. Мұндай пәтерге қол жеткіземін деп ешқашан ойлаған емеспін. Қуаныштымын, қолдау көрсеткен жандарға Алла разы болсын», - дейді қуанышын жасыра алмаған Нағима Көпжасарова.

«Қолдан келсе, адамгершілік жасап, көмек көрсеткенге не жетсін. Өз атымнан, «Ақжүніс» аналар қоғамының атынан үлкен алғысымды айтамын. Нағима Көпжасарова  осы үйде бала-шағасымен, отағасымен бақытты өмір сүретініне сенеміз. Отағасы Серік ағамыз қолы алтын шебер екен. Ағаштан әртүрлі бұйымдар жасайды. Біз ол кісіні Ақтау қаласы бойынша «Бизнес 3 күнде» жобасына тартуды ойлап отырмыз. Сол арқылы ол кісінің кәсібін дамытуға қол ұшын бергіміз келеді», - дейді «Ақжүніс» аналар қоғамының облыстағы жетекшісі Анар Шамшадинова.