видеодан алынған кадр
Ақтауда жаппай төбелес болып, оқиға салдарынан бір адам қаза тапты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бұған дейін жергілікті блогер Азамат Сәрсенбаев Instagram парақшасында мамырдың басында болған жаппай төбелестің видеосын жариялаған болатын.
Оның айтуынша, жаңаөзендік бір топ азамат Ақтаудағы клубқа демалуға барған, бірақ күзетшілер оларды өткізбей, араларында жанжал шығып, арты төбелеске ұласқан.
"Күзетшілердің бірі ер адамды ұрып, ол басын жол жиегіндегі цементке соғып, есінен танып қалған. Оқиға кезінде зардап шеккен жігітті достары пәтерге алып кеткен. Сол жерде есін жиып, басы ауырып тұрғанын айтып, ұйықтап қалады. Келесі күні 1987 жылы туған ер адам, үш баланың әкесі миына қан құйылып қаза болады", - деп жазды Сәрсенбаев.
ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл дерек ҚР ҚК-ның 106-бабы 3-бөлігі бойынша Ақтау қаласы ПБ СДТБТ-де тіркелген.
"Полиция қызметкерлерімен 31 жастағы күдікті ұсталды, соттың санкциясымен ол 2 айға қамауға алынды.
36 жастағы жәбірленуші алған жарақаттарынан ауруханада қаза болды.
Соталды тергеу жалғасып жатыр. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, ойын-сауық мекемелерінде құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында прокуратура органдарының үйлестіруімен полиция органдарымен "Montana Blanka", "Vinyl", "Gremmis" және "Wow" түнгі көңіл көтеру орындарының жанынан стационарлық полиция бекеттерін орнату туралы мәселе шешілген. Жақын арада посттар орнатылады.