10 қаз, 2018 сағат 17:31

Ақтауда оқушылар сыныптасын скотчпен байлап, басына жұмыртқа лақтырған

Ақтауда №8 мектептің оқушылары сыныптасын скотчпен тіреуішке байлап, басына жұмыртқа лақтырған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Олар өз әрекетін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаған. Осы оқиғаға қатысты желі пайдаланушылары арасында дау туған болатын. Әлеуметтік желіде тараған бейнетаспада оқушылар сыныптасын скотчпен байлап қойып, жұмыртқа лақтырып, баланы жылатады. Дегенмен, осы жағдайға қатысты оқушының ата-анасы еш жерге шағымданбаған.

«Ата-анамен және оқушылармен жұмыс жүргізілді. Бейнетаспада бой көрсеткен барлық оқушымен сөйлестік. Баланың ата-анасы шағым жазбады. Оқушылардың барлығы - тәртіпті және үлгерімі жақсы балалар. Анықталғандай, олар бұл әрекетін ойнап жасаған», - дейді Маңғыстау облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжақсы Тұржанова.

Облыстық ІІД баспасөз қызметі осыған байланысты Ақтау қаласы мектеп оқушыларының ата-аналарына қатысты мектеп инспекторымен бірге іс-шаралар қолға алынғанын мәлімдеді.

«Бұл жағдай бойынша жиналған құжаттар Ақтау қаласы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға жолданады» делінген хабарламада.