16 мам, 2022 сағат 11:44

Ақтауда көше тәртібін қадағалауға шыққан 18 жастағы сарбаз қашып кетті

© Sputnik / Владислав Воднев

Ақтау қаласында 6656 әскери бөлімінің сарбазы Бағлан Әділбеков іздестіріліп жатыр. Бұл туралы Sputink Қазақстан агенттігі жазды.

"14 мамыр күні Ақтау қаласында 6656 әскери бөлімінің сарбазы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету қызметін атқарғаннан кейін, әскери жасақтардың жиналу және әскери бөлімге кету орнына келген жоқ. Қазіргі уақытта оны іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның мән-жайы анықталуда", - деп хабарлады "Батыс" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі.

Қатардағы жауынгер Б.Әділбеков 2021 жылғы маусым айында Ақтөбе қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінен шақырылған.

Жергілікті lada.kz порталының ақпаратынша, 18 жастағы сарбаз Бағлан Әділбеков 14 мамыр түнгі сағат он бірде кетіп қалған. Ол 4-ші шағын ауданда көше тәртібін күзетуге шыққан.

Оның үстінде "Ұлттық ұлан" деген жазуы бар Ұлттық ұланның көк түсті формасы және аяғында қара түсті берцы болған.