04 қар, 2019 сағат 16:39

Ақтауда кішкентай балаға күш қолданған тіс дәрігері жұмыстан қуылды

Ақтауда кішкентай балаға дөрекілік көрсеткен тіс дәрігері жұмысынан босатылды. Бұл туралы Маңғыстау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық стоматологиялық орталықтың директоры Қуат Машырықов мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қуат Машырықовтың айтуынша, өз қызметін адал атқармаған дәрігердің жұмысын ары қарай жалғастыруына жол берілмейді.

Естеріңізге сала кетейік, 1 қараша күні баланың тісін жұлу кезінде қатты жұлқылап, оған қатыгездік танытқан дәрігердің видеосы әлеуметтік желіге тарап кеткен болатын. Баланың анасы клиникадағы бейнебақылау камерасына түскен жазбаны тексеруді талап еткен. Артынша, медицина қызметкері видеоүндеу жасап, өз кінәсін толық мойындайтынын, баланың анасынан және қазақстандықтардан кешірім сұрайтынын жеткізді.


Алайда зардап шеккен баланың анасы бірден полицияға арыз жазған. Ақтау қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Қалдымұрат Айғарақовтың мәліметінше, дәрігердің үстінен әкімшілік іс қозғалды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Жасөспірімнің денесінде жарақат болған жағдайда ҚР әкімшілік құқық бұзу кодексінің 73/1 бабымен, денесінде жарақат болмаған жағдайда аталған кодекстің 73/2 бабымен ұрып-соққаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылмақ.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 141-бабы бойынша қылмыстық іс қозғау үшін заңды бұзған азамат мұғалім немесе тәрбиеші болуы керек.

«Дәрігер өте білімді. Жас дәрігер. Мінезі шапшаң өте шыншыл жігіт. Мектепті «Алтын белгіге», ал 2017 жылы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің стоматология факультетін үздік бітірген. Сол жылы тамыз айында орталыққа жұмысқа орналасты. 2 жыл ішінде өзін жақсы жағынан көрсете білді. Болашағынан мол үміт күтетін азамат деп ойлайтынбыз. Енді кешегі өрескел қылықтарына қарап, еңбек кодексі 49-бабының 5-тармақшасы, 56-бабына сәйкес жұмыстан босату жөнінде шешім қабылдадық», - деді облыстық стоматологиялық орталықтың директоры Қуат Машырықов.

Қуат Машырықовтың айтуынша, тіс емханасына жаз уақытында балалар өте көп келеді.

«Қала халқының саны жылдан жылға өсуде. Біз екі мезгілде 600 адамға дейін қабылдаймыз. Халық санының өсуіне байланысты емхананы кеңейту жөнінде ұсыныс бердік, болашақта 32-шағын ауданнан жаңа емхана ашпақ ойымыз бар», - дейді облыстық стомотология орталығының директоры.