02 шіл, 2024 сағат 16:25

Ақтауда инкассатор банктен 10 миллион теңге ұрлап, артынша өзін атып өлтірген


Ақтаудағы банктердің бірінің ғимаратында инкассатор 10 миллион теңге ұрлап, артынша өзіне қол салған, деп хабарлайды Lada.kz.

Оқиға 14-шағынауданда Halykbank ғимаратында болған. 10 миллионды ұрлағаннан кейін ер адам ғимараттың жертөлесіне қамалып, қызметтік қарумен басынан оқ атқан.

Жедел-тергеу тобы, дәрігерлер мен Арнайы жедел әрекет ету жасағы қызметкерлері жертөлеге кіретін есікті қоршап алған. Марқұм 43 жаста еді. Қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаны растады.

"Қазір "Ұрлық және өзін-өзі өлтіруге итермелеу" дерегі бойынша Ақтау қалалық ІІБ қылмыстық іс қозғады", – деп хабарлады департамент.


"Halyk Инкассация" жағдайға қатысты пікір білдірді.

"Halyk Инкассация" ЖШС өкілдері Ақтауда инкассатордың өзіне қол жұмсауы туралы ақпаратты қалалық полиция басқармасы растағанын хабарлайды. Қазір қайғылы оқиға болған "Halyk Инкассацияда" жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты компания тергеу аяқталғанға дейін істің мән-жайына қатысты пікір білдіру мен оны жария етуден бас тартады", – деп мәлімдеді “Halyk Инкассация"-ның баспасөз қызметі.