Көрнекі фото: pixabay.com
Басына футбол қақпасы құлаған жасөспірім ауруханада қайтыс болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" mangystaumedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Ақтау қаласында мектеп жанындағы алаңда басына футбол қақпасы құлап, зардап шеккен жасөспірім бүгін ауруханада көз жұмды. Ол жағдайы өте ауыр күйде жасанды тыныс алу аппаратына қосылған еді.
Естеріңізге сала кетейік, оқыс оқиға 20 мамырда кешке болған.
"Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасына 16 жастағы бозбала келіп түсті. Ойнап жүргенде футбол қақпасының темірі құлап, басына зақым келтірген. Түскен кезде есінен танып және басы ауырғанын айтып шағымданған", - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Дәрігерлер науқасты ауруханаға жатқызады. Ал 24 мамырда кешке баланың анасы келіп, үйде емделетінін айтып, алып кеткен. Дәрігерлердің "5-7 күн жатып ем алу керек" дегеніне қарамастан, "ешқандай шағымым жоқ" деп қолхат жазып берген. Бала 7 күн үйінде ата-анасының бақылауында болған.
"31 мамырда жасөспірім үйінде есінен танып, денесі құрысқан. Жедел жәрдем шақыртып, алғашқы көмек көрсетілген соң, Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер инсульт белгілері бар екенін анықтаған. Бала комаға түсті. Жедел реанимация бөліміне жатқызылды. Қазіргі таңда жағдайы өте ауыр", - деді бұған дейін денсаулық сақтау басқармасы өкілдері.