18 мам, 2022 сағат 14:31

Ақтауда әскерден қашып кеткен сарбаз қалай жазаланады?


6656 "Батыс" өңірлік қолбасшылығы командирі Марат Рахпанов Ақтауда әскерден қашып кеткен сарбаз қалай жазаланатынын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі "Лада" сайтына сілтеме жасап.  

Рахпановтың сөзінше, бүгінде сарбаз Бағлан Әділбеков әскери бөлімде. 

"Қатардағы қызметкер заңсыз қарым-қатынас деректері болмағанын айтып отыр. Ешқандай наразылығы жоқ. Ол ата-анасымен кездесті, олардың да ешқандай наразылығы жоқ", - деді командир. 

Басылым мәліметінше, қызметтік тергеу басталды. Істің жай-жапсары анықталады. 

"Қылмыстық іс жоқ. Ол не әкімшілік тәртіпте жазаланады, не тәртіптік жазаға тартылады. Қандай жағдай болса да бұл әрекет үшін жауапкершілік шарасы бірқатар лауазымды тұлғаға жүктеледі", - деді Рахпанов. 

Еске салайық, 16 мамырда Ақтауда әскерге шақырылған сарбаз қашып кеткені хабарланған болатын. Ұлттық ұланның 6656 әскери бөлімі бұл деректі растады. Әскер қатарына шақырылған 18 жастағы сарбаз Бағлан Әділбеков 14 мамырда түнгі сағат 22:55-те 4-шағынаудандағы патрульдік бағыттан кетіп қалған. Артынша, inAktau басылымы дереккөздерге сілтеме жасап, әскерден қашып кеткен сарбаз табылғанын хабарлаған болатын. "Батыс" өңірлік қолбасшылығы Бағлан Әділбеков табылғаны туралы ақпаратты растады.