16 жел, 2018 сағат 00:25

Ақтауда Абай Құнанбайұлының ескерткіші ашылды

Ақтауда Тәуелсіздің күні қарсаңында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының ескерткіші ашылды.

Биіктігі 5 метр, ені 3,3х3,6 болатын мүсін «Абай» атындағы мәдени демалыс кешенінің алдына орнатылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Ералы Тоғжанов қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Абай ескерткішінің ашылуы - қала тарихындағы маңызы өте зор оқиға. Ақынның өмірі, істеген ісі, жазған өлеңдері мен сөздері өз халқының тағдырымен тығыз байланысты. Бүгінде «Адамзаттың Абайы» атанып кеткен кемеңгер ақынның атындағы көшелер мен ескерткіштері еліміздің түкпір-түкпірінде, тіпті, әлемнің біраз қалаларында бар. Лондонда Абай үйі, Каирде, Берлинде, Киевте, Бішкек, Баку, Нью-Делиде ақынға көшелер берілсе, Ташкент, Мәскеу, Тегеран, Бейжің мен Будапешт сияқты әлемнің көптеген қалаларында есіл ердің еңселі ескерткіштері мен мүсіндері орнатылған. Соның әрқайсысында Абайдың аты жаңаша асқақтап, халқымыздың мәртебесі жаңа биікке көтерілумен келеді» - деді Ералы Тоғжанов.

Сонымен қатар аймақ басшысы жаңа «Ақ Қала Молл» сауда ойын-сауық кешенінің ашылуына қатысты 23 мың шаршы метрді құрайтын 5 қабатты ғимаратта 17 мың сауда орны, гипермаркет, фудкорт, бес залды кинотеатр, 2 қабатты қамтитын 2,5 мың шаршы метрлік балалар паркі және аумағы 350 шаршы метр болатын Қазақстандағы ең ірі контактты зообақ ашылмақ. Жаңа форматтағы сауда ойын-сауық орталығында биіктігі 23 метр болатын сарқырама орнатылады. Сауда орталығында 300 орындық жерасты автотұрақ болады.