20 мау, 2022 сағат 12:18

Ақшолақов Каспий құбыр желісі маңынан табылған минаға қатысты пікір білдірді


ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов Каспий құбыр консорциумы маңында табылған минаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Теңіз түбінде тиісті жұмыстарды атқарар алдында тазарту іс-шараларын жүргізу ескеріліп отыр. Өкінішке қарай, ол жерлерде Екінші дүниежүзілік соғыстан қалған мина көп кездеседі», - деді Ақшолақов Парламент палаталарының бірлескен отырысының алдында тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Министрдің сөзіне қарағанда, бұл бағытта өткен аптада консорциуммен бірлесе тиісті жұмыстарды бастау пысықталған. 

Сонымен қатар ол осы жағдай Каспий құбыр консорциумы жұмысына әсер етпейтінін айтты. 

«Қашағанда 15 шілдеге дейін жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Мұнайды айлақтан тасымалдайтын бір құрылғы (АТҚ) жұмыс істеп тұр. Ал қалған екеуі теңіз түбін тазарту жұмыстарын жүргізу үшін уақытша тоқталды», - деді министр. 

Оның сөзіне қарағанда, 15 маусымнан 25 маусымға дейінгі аралықта теңіз түбін тазарту бойынша аталған аумақта жоспарланған жұмыстар аяқталуы тиіс.

«Ал Қашағандағы жөндеу жұмыстары 1 маусым-15 шілде аралығында жүргізіледі. Қашағансыз Каспий құбыры консорциумына жеткізілетін мұнайға айлақтан тасымалдайтын бір құрылғының қуаты жетеді», - деді Ақшолақов.