24 нау, 2022 сағат 20:44

Ақшолақов: Каспий құбыр консорциумындағы ақау бюджет түсіміне кері әсер етпейді


Каспий құбыр консорциумындағы ақау бюджет түсіміне кері әсер етпейді. ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов Atameken Business телеарнасына берген сұхбатында осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Телеарнаға берген онлайн сұхбатында Энергетика министрі Каспий құбыр консорциумындағы ақауды жоюға 1,5-2 айдан артық уақыт кетпейді деген болжам айтады. 

«Экспорттың бір бөлігі объективті негізде қысқарады... Бірақ соншалықты ірі көлемде емес... Сарапшылардың назарын мына жайтқа аударғым келеді. Қазақстанның кез келген мұнай кенішінде жоспарлы жөндеу жұмыстары болып тұрады. Айталық, Теңіз бен Қашаған, Қарашығанақ және өзге де кеніштерде мұндай жөндеулер 40-50 күнге созылуы мүмкін. Сол себепті «Каспий құбыр желісі консорциумының» инфрақұрылымын жөндеуге қажет делінген 1-1,5 ай Қазақстан үшін соншалықты дәрежеде қауіпті емес. Өнім көлемі азаяды, бірақ технологиялық тұрғыда оған жол беруге болады деп топшылай аламыз», - деді Болат Ақшолақов.

Ведомство басшысы бұл ақаудың бюджет жоспарына кері әсері болмайтынына сендірді.

«Шынын айтсақ, экспорттың белгілі бір бөлшегі қысқарады. Бүкіл балама жолдарды ескергеннің өзінде қысқару болады. Бірақ оның әсері шетін болады деп айтуға келмейді. Әрине мұнай өндіру қысқарады. Бюджетке және ақшалай түсімдері туралы айтсақ, қазір баға айтарлықтай жоғары. Тіпті өте жоғары деуіме болады. Бүгін таңертең бір баррелі 120 доллардан жоғары болды. Ал біз биылғы жылдың бюджетін 60 доллармен жоспарлағанбыз. Сондықтан түсімдер бойынша тәуекел көріп тұрған жоқпын. Сарапшылардың айтып отырғаны жылдық көлеммен есептелген. Жыл бойы құбыр жұмыс істемесе, әрине түсім де қысқаратын еді. Бірақ ешкім ондай ұзақ мерзімге созылады деп топшылап отырған жоқ. Құбырды жөндеу жұмыстарын техникалық тұрғыда орындауға болады. Соншалық бір күрделі қондырғы емес. Қазір тек желдің кесірінен танкерді жақындату мүмкін болмай жатыр. Шлангаларды ауыстыру үшін құбырдағы мұнайды басқа жерге құйып алу керек. Ал ол үшін танкер қажет. Мәселе осында ғана», - деді Болат Ақшолақов.