15 там, 2023 сағат 14:43

"Ақша жетпей жатыр": Министр МАЭК-тегі апаттың себебін түсіндірді

Фото: © Sputnik / Владислав Воднев

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев МАЭК-тегі апаттың себебін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Маңғыстау облысында Маңғыстау атом энергетика комбинатында екі энергоблок істен шықты. Соның салдарынан өңірде энергияны тұтынуға ішінара шектеу енгізілді. Мұнай өндіру көлемі төмендеді.

Энергетика министрінің айтуынша, мамандар 1-ші энергетикалық блокты жөндеп жатқанда 3-ші блоктағы ақауды байқаған.

"МАЭК-тегі 1-ші блокта апат болғанын білесіздер. Себебі турбинасы дұрыс істемей қалды. Біз осы блокты жөндегенде 3-ші блокта судың тым көп өтіп жатқанын байқадық. Басында 40 тонна, одан кейін 60 тонна су кетті. Бұл дегеніміз, қазандықтардың қалқандарына зақым тиген. Осыған байланысты 3-ші блокты да жөндеуге тура келді. Генерацияны да айтарлықтай азайтуға мәжбүр болдық. Ол жақта қондырғылар тозған, оны жаңартуға ақша жетпей жатыр", - деді Сәтқалиев журналистерге берген сұхбатында.

Оның сөзіне қарағанда, облыста энергия тұтыну көлемі 650 МВт құрайды. Ал апаттан кейін 250 МВт-қа шектеу енгізуге тура келді.

"Алдымен мұнай-газ саласындағы кәсіпорындар үшін, сондай-ақ басқа да өндірістер үшін шектеулер енгізілді. Шамамен екі сағатқа сөндіріп тұруға тура келді", - деп атап өтті Сәтқалиев.

Қазіргі кезде мемлекеттік комиссия өз жұмысына кірісті. Мемлекеттік энергетикалық қадағалау басшылары да сол жақта жүр.