Фото: Қаржылық мониторинг агенттігі
ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті мемлекеттік шекара арқылы есірткі заттарын заңсыз өткізу фактісі бойынша бір топ адамға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Еске сала кетейік, Алматы тұрғыны АҚШ-тан пошта жөнелтілімдерін алу кезінде ұсталған болатын. Одан 649 гр. кептірілген марихуана мен 676 гр. гашиш есірткілері табылып, тәркіленген еді.
"Тексеру іс-шараларын жүргізу кезінде мемлекеттік шекара арқылы аса ірі мөлшерде есірткі заттарын заңсыз өткізумен және Telegram мессенджері арқылы сатумен айналысқан адамдар тобы анықталды. Сондай-ақ, олардан 705 гр. марихуана мен 1266 гр. гашиш есірткі заттары табылып, тәркіленді.
Сот үкімімен кінәлі жеті адам 3 жылдан 16,5 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
Қаржылық мониторинг агенттігі қабылдаған шаралардың нәтижесінде АҚШ-тан ҚР-ға есірткі контрабанда арнасының және Алматы қаласының аумағында есірткіні тарататын бірнеше Telegram-арнаның қызметі жойылды.
Құрметті ата-аналар! Сізден балаңыздың қарайтын контентіне, оның мінез-құлқына, денсаулығына, айналасына және сатып алуларына назар аударуыңызды сұраймыз. Кез-келген түрдегі немесе мөлшердегі есірткі заттары адам денсаулығына, әсіресе жасөспірімдерге орны толмас зиян келтіреді" - делінген хабарламада.