АҚШ-тың Алабама штатында өлім жазасына кесілген 38 жастағы рецидивист Кейси Уайт түрмеден қашып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат BBC ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Дәл осы уақытта түрме қызметкері Викки Уайт та жоғалған. Билік қылмыскердің күзетшіні кепілге алуы мүмкін екенін немесе ол Уайтқа өз еркімен көмектесті деген нұсқаларды қарастыруда.
Қылмыскер түрмеден жұма күні таңертең қашқан. 56 жастағы Викки Уайт рецидивистті түрмеден өзі шығарып, басшылыққа оны психиатрға қаралуға апара жатқанын айтқан.
Кейін белгілі болғандай, бұл күні ешқандай консультация белгіленбеген. Ал Уайттың өзі хаттамаға сәйкес әрекет етпеген, ережеге сәйкес түрменің сыртында қауіпті қылмыскерді екі күзетші бірге алып жүруі тиіс.
Уайт әріптестеріне қылмыскерді сотқа қалдырып, өзі дәрігерге баратынын айтқан. Кейін оның бұл күні дәрігерге қаралмағаны анықталды. Онда Кейси Уайтты апаруы тиіс сот психиатрының жоспарлы сараптамасы да болған жоқ.
Вики Уайт Алабамадағы түзеу департаментінде 25 жыл қызмет атқарып, Лодердейл округі түзеу департаменті директорының орынбасары болған. Оның жұмысына тұтқындарды сотқа жеткізу кіреді.
Күзетші мен қылмыскер түрмеден жұма күні таңғы сағат 9:00 шамасында шығып кеткен, ал таңғы сағат 11.00 кезінде оның бос патрульдік көлігі сауда орталығындағы көлік тұрағынан табылған.
Лодертейл округінің шерифі Синглтонның айтуынша, Уайт түрмеден қашуды 2020 жылы да жоспарлаған, бірақ ойы іске аспады.