Фото: REUTERS - KEVIN LAMARQUE
АҚШ-тың Мэн штатындағы Льюистон қаласында 18 адамды өлтірді деген күдікке ілінген ер адам үш күн іздеуден кейін өлі табылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап.
«Сәрсенбіге қараған түні болған атысқа күдікті адам табылды, ол қайтыс болған», - делінген Андроскоггин округі шериф кеңсесінің баспасөз хабарламасында.
CBS News арнасының хабарлауынша, 40 жастағы Роберт Кардтың денесі қоқыс өңдеу орталығының жанынан табылған. АР-дің полициядағы дереккөздері оның өз-өзіне қол жұмсаған болуы мүмкін екенін айтты.
Олар, сонымен қатар, күдіктімен байланысты үйден суицид туралы жазба табылғанын айтты. Ол Кардтың ұлына арналған. Үйден күдіктінің ұялы телефоны да табылған.
Льюистон мэриясында өткен баспасөз мәслихатында Мэн штатының губернаторы Джанет Миллс ер адамның денесі Лисбонда, атыс орнынан алыс емес жерден табылғанын мәлімдеді.
«Бүгін мен Роберт Кардтың ешкімге қауіп төндірмейтінін біліп, жеңіл дем алдым», - деді ол.
Льюистон полициясының басшысы Дэвид Сент Пьер құқық қорғау органдарының жұмысы аяқталмағанын айтты.
Полицияның сөзінше, билік алдымен қаза болғандардың отбасымен сөйлескісі келетіндіктен, көптеген мәліметтер әзірге жасырын қалып отыр.