17 жел, 2021 сағат 13:25

АҚШ Шыңжаңдағы қысымға байланысты Қытайға тағы санкция салмақ


АҚШ Қытайдың тағы бірнеше компаниясына Шыңжаңдағы мұсылмандардың құқығын бұзуға қатысы бар деп санкция салатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Азаттық.

АҚШ-тың сауда министрлігі қара тізімге Қытайдың әскери-медициналық академиясы мен оның 11 зерттеу институтын қосты. Бұл академия әскери мақсаттағы биотехнологияларды жасаумен айналысады.

Вашингтон санкциясынан кейін Қытай компаниялары АҚШ-қа экспорт жасай алмайды.

Қытай билігі Шыңжаңда ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарды қудалап, лагерьге қамап жатыр деген айыппен халықаралық қауымдастықтың сынына ұшырап, бұл елге санкциялар салына бастаған.

Қытай Шыңжаңдағы лагерьлерді "кәсіп үйрену орталығы" деп атап, өлкедегі саясатын радикализммен күрес дейді.

АҚШ үкіметінде жұмыс істейтін шенеуніктердің бірі Вашингтон Қытайдың бірнеше ұйымына қаржы санкциясын да салатынын айтты. Дереккөздің сөзінше, АҚШ барлаушылары Қытайдың Шыңжаңда адамның бет-жүзін танитын және ДНҚ үлгілерін жинайтын технологиялық жүйе қолданатынын анықтаған. АҚШ Пекин бұл технологияларын өлкедегі 12-65 жастағы адамдарға пайдаланған деп санайды.

16 желтоқсанда АҚШ сенаты Шыңжаңда өндірілген тауарлардың импортына тыйым салатын заң жобасын да мақұлдады. Егер кәсіпорын өнімдерін өндіргенде шыңжаңдықтарды күштеп жұмысқа тартпағанын дәлелдесе ғана импортқа мүмкіндік алады.

Екі күн бұрын бұл заңды өкілдер палатасы мақұлдаған еді. Енді заң ел президенті Джо Байденге жіберіледі.

Өткен аптада Ақ үй және Батыстың бірнеше елі Шыңжаңдағы жағдайға байланысты Пекинде өтетін қысқы олимпиадаға дипломатиялық бойкот жариялаған.