01 ақп, 2023 сағат 12:43

АҚШ Ресейді ядролық қор келісімін бұзды деп айыптады

Фото: dw.com

АҚШ Мәскеуді Стратегиялық шабуыл қаруларын шектеу туралы шарт ережелерін орындаудан айнып, тексеруге рұқсат бермей отыр деп айыптады. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

АҚШ мемлекеттік департаменті мәлімдемесінде "Ресейдің тексеру қызметіне көмектесуден бас тартуы АҚШ-қа келісім бойынша маңызды құқықтарды жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді және Америка мен Ресейдің ядролық қаруды бақылау мүмкіндігіне қатер төндіреді" деп жазған.

АҚШ мемлекеттік департаменті өкілінің айтуынша, Ресейдің әлі де шартқа оралуына мүмкіндігі бар. "Вашингтон онымен бұрынғыша шарт бойынша жұмыс істеуге дайын" деді департамент өкілдері.

Мәскеу мен Вашингтон New START келісімі бойынша тексеруді жалғастыру туралы келіссөзді қарашада жүргізуі керек болған. Бірақ Ресей кездесуді шегерген және тараптар әлі күнге дейін жаңа мерзім белгілеген жоқ.

Reuters-тің жазуынша, аталған шарт қырғиқабақ соғысы аяқталғалы бергі екі елдің ядролық қаруын бақылауға арналған маңызды тетік саналады. New START 2011 жылы күшіне енген және 2021 жылы тағы бес жылға созылған. Ол АҚШ пен Ресейдің ядролық оқтұмсықтарының санын шектеп отырады.

Ресей мен АҚШ-тың ядролық арсеналы әлемдегі ядролық оқтұмсықтардың жалпы санының 90 пайызындай болады. Ресейдің Украинаға басқыншылығы басталғалы бері Мәскеу мен Вашингтонның қарым-қатынасы кейінгі 20-30 жыл ішінде болып көрмеген төмен деңгейге түсті. Бұл Америка президенті Джо Байден әкімшілігіне Ресеймен арадағы келісімдерді сақтап, жалғастыруды қиындатып жіберуі мүмкін.

Тамыз айында Мәскеу Батыстың басқыншылықтан кейін салған шектеулерін алға тартып, жоғарыда аталған келісім аясында тексеру жүргізу бойынша әріптестікті тоқтатқан. Дегенмен Ресей билігі бұрынғыша келісімнің шарттарын орындауға құлықты екенін жеткізген.

Ресей билігі Батыс елдерін Украинадағы жағдайды ушықтырды деп айыптайды. Ресейдегі шенеуніктердің кейбірі "ядролық қару пайдаланамыз" деп ашық қоқан-лоқы көрсеткен.

Осы аптада Ресей АҚШ-қа келісімнің мерзімі 2026 жылы бітуі мүмкін екенін ескертіп, қайта ұзартылмайтынын айтқан. Себебі, Мәскеудің түсіндіруінше, Вашингтон "стратегиялық соққы" жасайын деп отыр.