Фото: wikimedia
АҚШ президенті Джо Байден сәрсенбіде Израильге барады. Бұл туралы АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігі CNN-ге сілтеме жасап.
АҚШ мемлекеттік хатшысының Израильге жасаған соңғы сапары оның Таяу Шығыстағы жеті елге жасаған турының бір бөлігі болды. Өйткені Израиль Газа секторына басып кіруге дайын көрінеді және қақтығыстың аймақтың басқа бөліктеріне тарау қаупі бар.
Израильге сапары барысында Байден Израильдің Газа секторындағы операциясы туралы жоспарын біледі. Операция бейбіт тұрғындардың шығынын барынша азайтатындай және Газа секторындағы бейбіт тұрғындарға жеткізілетін гуманитарлық көмек ХАМАС-қа пайда әкелмейтіндей болуы керек.
АҚШ мемлекеттік хатшысының айтуынша, Байденнің сапары болып жатқан жағдайды пайдаланып, Израильге шабуыл жасағысы келетін елдерге ескерту болуы керек.
- АҚШ президенті израильдік серіктестерімен ХАМАС тарапынан кепілге алынған ерлерді, әйелдер мен кішкентай балаларды босатуды қамтамасыз ету әрекетін жалғастырады, - деді Блинкен.
Сәрсенбі күні Израильге сапарымен қатар Байден АҚШ-тың жақын одақтасы Иорданияға да барады. Ақ үй таратқан мәліметке сәйкес, ол Таяу Шығыс елдерінің бір топ басшыларымен, соның ішінде Иордания королі Абдалла II, Мысыр президенті Абдель Фаттах ас-Сиси және Палестина автономиясының басшысы Махмуд Аббаспен кездеседі.
Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі Джон Кирби журналистерге берген сұхбатында Байденнің Иорданиядағы басты назары дағдарыс кезінде гуманитарлық көмек көрсету болатынын айтты.
12 қазанда АҚШ Мемлекеттік хатшысы Антони Блинкен Израильге барып, Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен, оның қауіпсіздік кабинетімен және ел президенті Исаак Герцогпен кездесті.
Төрт күннен кейін Блинкен алты араб мемлекетіндегі келіссөздерден кейін ХАМАС-қа қарсы күш-жігерді үйлестіру және Газа секторындағы гуманитарлық дағдарысты шешу жолдарын іздеу үшін Израильге оралды.