АҚШ пен Еуропа одағы Украина шекарасына таяу тұста Ресей әскери техникасының көбейе бастағанына алаңдайды.
Бұл жөнінде жексенбі күні АҚШ-тың Washington Post газеті жазды, деп хабарлайды Азаттық.
АҚШ пен Еуропа одағы әзірге ресми мәлімдеме жасамаған, бірақ кейбір өкілдері Украина-Ресей шекарасындағы қазіргі жағдайды биыл сәуір айындағы жағдаймен салыстыра қарайды. Ол кезде Вашингтон мен оның одақтастары Ресей әскерінің аннексияланған Қырымнан өзге, Украина шекарасына да топтаса бастағанына айтарлықтай алаңдаушылық білдірген еді.
Washington Post кейінгі айларда Ресей билігінің Украина жөніндегі риторикасы қатая бастағанын, ал соңғы күндері Донбастағы жанжал ушыға бастағанын атап өткен. Майдан алаңдарының бірінде артиллерия қолданылғаннан кейін Украина әскері адам шығынына ұшыраған. Украина да қарап қалмай Түркияның ұшқышсыз "Байрактар" аппаратын алғаш рет қолданған және бұл әрекеті Мәскеу тарапынан айыпталған.
Кейінгі кездері әлеуметтік желіде Ресейдің батыс және оңтүстік аймақтарындағы әскери техникаларының жылжи бастағанын көрсететін бірнеше видео пайда болған. Алайда Ресей қандай да бір ауқымды әскери жаттығу өткізетінін хабарлаған емес.
Украина билігінің бағалауына қарағанда, қыркүйекте "Батыс - 2021" әскери жаттығуын аяқтағанымен Ресейдің көптеген әскери бөлімдері бұрынғы орындарына қайтпаған. Қырымға орналасқандарын айтпағанда, қазір Украина шекарасының бойында Ресейдің 90 мыңға жететін әскері тұр.
Украина Сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба Ресейді жалған ақпарат таратып отыр деп айыптады, өйткені Киевтің Донбасста әскери операция жүргізер ойы жоқ. Бұған дейін Ресей басшылығы "Ресей қолдайтын Донбасста әскери операция жасайтын болса, Украина мемлекетінің өзі де жоқ болуы мүмкін" деген дөңайбат жасаған болатын. Сөйте тұра Мәскеу сепаратистерге қару көмек беріп отырғанын жоққа шығарады, Украинаға басып кіру жоспарлары жоқ екенін айтады.
Украинаның шығысында қаруы жанжал жүріп жатқанына жеті жылдан асты.