13 сәу, 2021 сағат 07:39

АҚШ мемлекеттік хатшысы НАТО басшысымен Украина төңірегіндегі мәселені талқылады

АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен және НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг дүйсенбі күні Украинамен шекара маңында Ресей әскерінің шоғырлануы мәселесін талқылады.

АҚШ мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Нед Прайстың хабарлауынша, Блинкен мен Столтенберг Ресейдің Украинамен шекара маңында және аннексияланған Қырымда әскери дайындыққа суыт көшуін тоқтату қажеттігін атап өткен. 

Бұған қоса, Блинкен мен Столтенберг Ауғанстанда бейбіт процесті дамыту мен НАТО-ның алдағы саммитімен байланысты мәселелерді талқылаған. "Америка дауысы" сайты кездесудің АҚШ мемлекеттік хатшысының Брюссельге сапары қарсаңында болып отырғанына назар аударады. 

Дүйсенбі күні "Үлкен жетілік" (G7) елдерінің сыртқы істер министрлері мен Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі ведомствосы Ресейді Украина шекарасына жақын маңдағы "арандату әрекетін" тоқтатуға шақырды. 

  • Украина президенті Владимир Зеленскийдің баспасөз хатшысы Юлия Мендель дүйсенбі күні Ресейдің Украинамен шекара маңына 80 мың сарбаз әкелгенін, 40 мыңын Қырымға шоғырландырғанын хабарлады.
  • Мендельдің айтуынша, Зеленский Ресей президенті Владимир Путинге келіссөз өткізу жайлы ұсыныс жібергенмен әзірге дейін жауап алмаған. Кремль мұны жоққа шығарады. 
  • Ресей тарабы әскерді басқа аумаққа көшіргенін жоққа шығармайды, бірақ оның ешқандай қаупі жоғын алға тартады. Бірақ Мәскеу Украина Донбаста сепаратистерге шабуылдай бастаса, Ресей жағдайға араласуы мүмкін екенін ескерткен.