Ухань вирусология институты.
АҚШ барлау қызметі коронавирус "жануардан адамға жұқты" немесе "зертханадан тарады" деген болжамның қайсысы дұрыс екенін айтуға қиналады. Жұма күні АҚШ барлау қызметінің кеңсесі таратқан есептен осыны аңғаруға болады, деп хабарлайды Азаттық.
Есептегі мәліметке қарағанда, АҚШ барлау ведомствосы мамандарының вирус тегіне байланысты пікірі екіге жарылған, алайда сарапшылар вирус биологиялық қару ретінде жасалды деген тұжырымға сенуге бейіл емес.
Есепке сүйенген "Америка дауысы" сайтының жазуынша, Қытайдың Ухань қаласындағы вирусология институты коронавирусты жасауға атсалысқанмен қолда бар мәліметтер негізінде SARS Cov-2 генетикалық тұрғыда ғалымдар құрастырды ма, жоқ па, ол жағын нақты айту қиын.
Ухань зертханасы өкілдерінің 2019 жылы қарашада тыныс ауруларын емдеу үшін дәрігерлерден көмек сұрауы "пандемияның тегіне" меңземейді.
Қазіргі кезде Қытай коронавирустың тегін анықтауға байланысты халықаралық зерттеу жүргізуге қарсылық танытып отыр және Ухань вирусология институтының дерек қорымен бөлісуге де құлықты емес. Институттың биозертхана қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері төңірегінде сыбыс-аяң көп.
Қытайдың Вашингтондағы елшілігі мәлімдеме таратып, аталған есеп вирустың тегі жайлы ғылыми негізделген зерттеулерге бөгет жасап, вирустың тегін анықтауға кедергі келтіреді деді.