24 қаң, 2018 сағат 17:02

Ақорданың қақпасына көлігімен соғылған полицей мас болған

Porsche көлігін тізгіндеген полицейдің Ақорда қақпасына көлігімен соғылған күні ішімдік ішкені белгілі болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Астананың Әкімшілік істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына сілтеме жасап.

«Әкімшілік істің қаралуы барысында Е. С. Иманбековтың көлікті мас күйінде тізгіндегені анықталды. Е.С. Иманбеков ЖЖҚ 2.4.2, 10.1 тармақшаларын бұзды және ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 3-бөлігінде қарастырылған әкімшілік құқықбұзушылық жасады, яғни жүргізуші мас күйінде көлік жүргізіп, өзге транспорттарға немесе өзге біреудің мүлкі мен ғимаратына зақым келтіргені үшін айыпталып отыр», - делінген сот қаулысында.

Сот отырысы кезінде жүргізуші кінәсін мойындап, ісіне өкініш білдірді. 

Естеріңізге сала кетсек, аталған оқыс оқиға қаңтардың 16-сынан 17-сіне қараған түні болған. Полицияның мәлімдемесіне сәйкес, Ақорданың қақпасы мен бақылау-өткізу пунктіне көлігімен соғылған Астана ІІД ӘПБ ППД арнайы батальон қызметінің инспекторы, полицияның аға лейтенанты Иманбеков жұмыстан шығарылған.