21 қар, 2018 сағат 15:23

Ақордада Қазақстан азаматтығын алу мәселесі қаралды

Бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Азаматтық мәселелер жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шара барысында Қазақстан азаматтығына қабылдау және одан шығу мәселелері қаралды. Г. Әбдіқалықова Тәуелсіздік жылдарында бір миллионнан астам адам еліміздің азаматтығына ие болғанын атап өтті.

«Осынша адамның азаматтық алуы Елбасының сындарлы басшылығы және биылғы Жолдауда айтылғандай ,  экономикасы қарқынды дамып келе жатқан прогрессивті заманауи мемлекет құрып, бейбітшілік пен қоғамдық келісімді қамтамасыз еткеніміздің арқасында мүмкін болды», - деді Мемлекеттік хатшы.

Сонымен қатар, Г. Әбдіқалықова Тұңғыш Президент күні қарсаңында азаматтық алған жаңа отандастарға бақ пен береке, еңбекте табыс тілеп, егемен еліміздің дамуына олардың өз үлесін қосатынына сенім білдірді.

Мұнымен қоса, отырысқа қатысушылар азаматтық мәселелері бойынша Ішкі істер министрлігі жұмысының нәтижелерін талқылады. Талқылау қорытындысы аясында комиссия тиісті шешімдер мен ұсынымдарды қабылдады.