24 қыр, 2019 сағат 13:46

Ақмолалық бишілер Әлем чемпионатында жүлде алды

Ақмолалық бишілер Тайланд астанасы Бангкокте спорттық биден өткен «World Open Kings CUP 2019» әлем чемпионатында жүлдегер атанды. Бұл туралы Ақмола облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз өкілдерінің хабарлауы бойынша, жарысқа ҚР Ұлттық құрамасының атынан Ақмола облыстық балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінің «Реверанс» спорттық би клубының тәрбиленушілері қатысқан. Оның ішінде Ерқожа Әбілқайыр мен Ясмина Айдарова жұбы екі күміс жүлдеге қол жеткізген.

Сонымен қатар, WDSF жастар арасында Нұрбек Сұлтанов пен Ольга Орлова, жасөспірімдер арасында Владислав Максин мен Дарья Никифорова жұбы жақсы нәтиже көрсетті.

«Реверанс» спорттық би клубының жетекшісі Эльмира Шәріпова атап өткендей, жерлестеріміз екі класс жоғары өнер көрсетті.

«Соңғы жылдары біз аталмыш жарыс деңгейіне сай болу үшін бағдарлама қостық. ТМД елдерінде осы жастағылар арасында би сандарының санаты жоқ», - дейді Э.Шәріпова.

Айта кетсек, Ақмола облысының шығармашылық ұжымдары халықаралық аренада жемісті өнер көрсетіп келеді. Мысалы, биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Заманауи Қазақстан жаһандық әлемде» арнайы жобасын жүзеге асыру аясында Ақмола облыстық «Гәкку» филармониясының би ұжымы Біріккен Араб Әмірліктерінде «Қазақ мәдени мұрасы апталығының» қатысушысы болды. «Көкшетау» мәдениет сарайының шығармашылық ұжымдары Ресей, Түркия және Грузияны өз дарындарына тоғыстырды, онда хореографиялық өнердің халықаралық фестиваль-конкурстарында І, ІІ және ІІІ дәрежелі лауреаттар және Гран-При иегерлері атанды.