Ақмола облысында жатақханадан шыққан түтіннен 200-ден астам адам эвакуацияланды, деп хабарлайды облыстық ПД баспасөз қызметі.
Ведомствоның мәліметінше, төтенше жағдай бүгін ақпанның 1-де сағат 07:00-де Щучье қаласында орын алған. Үшінші қабаттан шыққан түтінді жатақхананың күзетшісі көріп, адамдарды көмекке шақырған.
Абырой болғанда, жатақханаға Бурабай ауданына іс-сапармен барған заңсыз көші-қонумен күрес жөніндегі арнайы взводтың қызметкерлері орналасыпты. Тәртіп сақшылары жатақхана қызметшілері мен студенттерін бірден қауіпсіз жерге шығарды.
«Полиция қызметкерлері санаулы минуттың ішінде 207 адамды эвакуациялады. Олардың ширақ қимылының арқасында ешкім зардап шеккен жоқ. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер өртті ауыздықтап, себебін анықтауда», - деді ведомстводан.