12 там, 2022 сағат 10:10

Ақмолада сіріңкемен ойнаған екі бала түтінге тұншығып қаза болды


Ақмола облысындағы Жаңа Қима ауылында жер үй өртеніп, екі бала түтінге уланып қалған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"Үлкендердің қарауынсыз қалған 3 және 5 жастағы екі бала сіріңкемен ойнап жүріп, жиһазды өртеген. Үйден түтін шығып жатқанын байқап қалған көршілер дереу терезені сындырып, балаларды сыртқа шығарған", - деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті өкілдері.

Сәбилер бірден Қима ауылдық ауруханасына жіберілген. Алайда, көмірқышқыл газынан уланған балалар медициналық мекемеде есін жимастан жан тапсырған.

Ведомство мәліметінше, қайғылы оқиға кезінде балалардың әкесі жұмыста, ал анасы аз уақытқа дүкенге шығып кеткен.

Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаменті ата-аналарды кішкентай балаларды жалғыз қалдырмауға шақырады.