03 мау, 2022 сағат 20:29

Ақмолада көлік тізгіндеген 15 жастағы жасөспірім жол апатына ұшырады

Сурет: Polisia.kz

Ақмола облысында көлік тізгіндеген 15 жастағы жасөспірім жол апатына ұшырады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

2 маусымда Степногорск қаласының Полиция басқармасына жедел жәрдем станциясының фельдшерінен жол апатына ұшыраған жасөспірімдерге медициналық көмек көрсетілгені туралы хабарлама келіп түскен.

Алдын-ала ақпарат бойынша, 2 маусымда сағат 07:20 шамасында Макинск - Ақсу - Торғай тасжолының 129-шақырымында Степногорск қаласының кәмелетке толмаған тұрғыны Volkswagen Golf автокөлігін басқара отырып, рөлге ие бола алмай қалған. Осылайша, көлік кюветке құлап, бірнеше рет аударылған. Оқиға салдарынан 13, 15 және 16 жастағы кәмелетке толмаған жолаушылар көліктен ұшып кеткен.

Портал мәліметінше, жол-көлік оқиғасынан кейін жасөспірімдер Степногорск қаласына бағыттас көліктермен жетіп, ата-аналарына болған жағдай туралы айтып берген. Қазір олар түрлі жарақаттармен Степногорск қаласының ауруханасына жатқызылды.

Осы дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 2-бөлігі (Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша соталды тергеу басталып, сараптама тағайындалған. Ал, автокөлік Степногорск қаласындағы айыппұл тұрағына қойылған.

"Тексеріс барысында Степногорск қаласының 15 жастағы тұрғыны жездесіне тиесілі автокөліктің кілтін сұраусыз үйден алып кеткені анықталды. Достарын автокөлікпен қыдырту қайғылы оқиғаға әкеп соға жаздады.

Кәмелетке толмағандардың сағат 23:00-ден кейін үйден тыс жерде болғаны үшін олардың ата-аналары ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе үйден тыс жерде болуы) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады" делінген ақпаратта.